Сәлеметсіздер ме ! Құрметті әріптестер ! Жаңа оқу жылына дайындық аясында қала мектептерінде әртүрлі санаттағы балаларға материалдық көмек көрсету жұмыстары басталды.
Аталған материалдық көмек «Жалпы оқу қоры» есебінен атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын балаларға, сондай-ақ жан басына шаққандағы табысы төмен, ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардағы балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ төтенше жағдайға тап болған және мектептегі коллегиялық органның анықтауымен басқа да мұқтаж мектеп оқушыларына беріледі.
Көмек ата-аналардың карточкалық шотына ақшалай қаражат аудару арқылы беріледі. Биыл ағымдағы жылға ақшалай көмектің мөлшері 41 000 теңгені құрайды.
Материалдық көмек алу үшін ата-ана немесе баланың заңды өкілі электрондық үкімет порталы арқылы немесе жергілікті жерде жұмыспен қамту орталығына АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) алуға онлайн өтініш береді. АӘК алмайтын, бірақ отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларды есептеу тетігі АӘК алушылардың тетігіне ұқсас. АӘК алудан бас тартқан кезде отбасының табысы есептеледі және тиісті ақпараттық жүйеде автоматты түрде көрсетіледі. Санатты растау 15 күн ішінде қаралады.
Жекелеген санаттарға жатқызылған білім алушылар мен тәрбиеленушілердің білім алу кезеңінде қаржылық және материалдық көмек алу үшін құжаттары оқу жылына бір рет қана расталады.
Қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін ата-аналар 15 күн ішінде оқу құралдарын сатып алу туралы есеп беруі керек. Шығындарды растау үшін чектер, түбіртектер және сатып алынған заттар фотосы қажет болады.