ЖАС МАМАНҒА АЙТЫЛАР КЕҢЕС
Жас мамандардың мансап жолы соқпалы да соқпақты келеді. Жоғары білім, бойда күш-жігер бола тұра олар мансап жолында бірқатар қателіктерге бой ұрады. Сол қателіктерге жол бермес үшін берер кеңесімізге зейін қойыңыз.
Алғашқы жұмыс күні
Алғашқы жұмыс күнінде жаңадан келген маман ұжыммен танысуы керек. Әуелі басшылықпен я ұжым жетекшісімен жақынырақ танысып, негізгі міндеттеріңізді анықтап, басын ашып алыңыз. Бірге жұмыс істейтін әріптестеріңіздің есімдерін жаттап алып, барлығына ізеттілік білдіріңіз. Жұмысқа жаңа орналасқан сізге, әлбетте, алғашқы кездері қиын болады. Сондықтан да қолыңызға қалам алып, барлығын қойын дәптерге түртіп жүріңіз.
«Сізді» бірден «Сенге» алмастырмаңыз!
Көпшілік әке-шешесіне, бауыр-ағайындарына, құрбы-құрдастарына «Сен» деп сөйлейді. Алайда, жұмыстың аты жұмыс. Сондықтан да, барлығына құрметпен қарап, әдептілікті сақтап, «Сіз» деп сөйлеңіз. Егер де өзіңізбен қатарлас жандар болса, олармен тілдесіп, біртіндеп «сен» деп сөйлесіңіз.
Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!
Жас маманға бірден жаңа жобаларды іске асыру, көптеген мәселелерді шешу сияқты міндеттер жүктелмейді. Сондықтан да «маған мына жұмысты беріңіз», «мына тапсырманы орындайын» деп басшылықтан талап етпеңіз. Оның орнына «бұл жобаға өзімнің үлесімді қосайын», «менің ойым мынадай» деп өз пікіріңізді білдіріп, жұмысқа деген қызығушылығыңызды көрсетіңіз. Сіздің бойыңыздағы жұмысқа деген ерекше ұмтылысты байқаған ұжымның жас маманға деген көзқарасы өзгереді. Есіктен кірген бойда төрге қарай ұмтылмаңыз. Сондықтан да берілген тапсырманы уақытылы орындап, шыдамдылық білдіріп жүріңіз.
Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді!
Барлық әріптестеріңізбен жақсы қарым-қатынаста болыңыз. Таныс та, бейтаныс та жандармен үнемі амандасып жүріңіз. Әріптестеріңізбен жұмысқа қатысты мәселелерді жиналыстардан тыс уақытта телефон я электрондық хабарламалар арқылы талқылағанда да сыпайы болып, хат жазған кезде аман-саулық сұрауды ұмытпаңыз. Бастығыңыз бен әріптестеріңіздің әлеуметтік желілердегі парақшаларына бас сұғып, суреттерін қарап, жөнсіз пікір қалдырмаңыз. Себебі, бұл бейәдептіліктің белгісі. Жұмыстан тыс уақытта бастығыңызға смс-хабарламалар жіберіп, жұмыс мәселесін талқыламаңыз.
Жеке қарым-қатынас пен жұмысты араластырмаңыз!
Жаныңыздағы әріптесіңізбен жақсы араласып, дос болып кетсеңіз де, сіздерді әуелі жұмыс байланыстыратынын естен шығармаңыз. Ашық ауыздыққа салып, іштегі мұң-сырыңызды, үйіңіздегі жағдайды, жеке басыңызға қатысты мәселелерді талқылауға салып, әріптестеріңізбен бөліспеңіз. Сондықтан да сөйлеген сөзіңізге сақ болыңыз.